Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Н. Назарбаев 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңға қол қойды. Сол күні Президент резиденциясы мен Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің алдына Мемлекеттік ту тігіліп, елтаңба ілінді. 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. Сонынан мемлекеттік рәміздер туралы ереже 1996 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» арнайы конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен айқындалды. Тудың авторы — суретші Ш. Ниязбеков, елтаңбаның авторлары — Ж Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.